«Қазақ. Алтын адамның тарихы» фильмі Рим кинофестивалінде көрсетілді

«Қазақ. Алтын адамның тарихы» фильмі Рим кинофестивалінде көрсетілді

Рим кинофестивалінде «Оскар» сыйлығының иегері Оливер Стоун түсірген «Қазақ. Алтын адамның тарихы» деректі фильмінің премьерасы өтті. Кино түсірудің хас шебері деректі картинада Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат ала отырып саясаткердің жеке тұлғасын емес, Елбасы арқылы Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын баяндайды.

Оливер Стоун, режиссёр:

- Бұл фильмді мақтан тұтамын және осында көрсетілгеніне өте қуаныштымын. Батыс Қазақстанды тереңірек танып жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның соңғы 40 жылда жүріп өткен жолын, коммунизмнен жаңа формацияға өту, билікті беру туралы әңгімелейді. Ельцинмен, Путинмен қарым-қатынасы, АҚШ және Қытаймен ынтымақтастығы, Еуразияның кіндігінде орналасу ерекшелігі айтылады.

Көрермендер фильмнің музыкалық безендірілуіне ерекше тәнті болды. Картинаны әуенмен әрлеу қазақ халқының дәстүрлі музыкасы жөніндегі беделді халықаралық сарапшы Карло Силиоттонға сеніп тапсырылды. Туындыда Кеңес үкіметінің құлауы, ел тәуелсіздігін алған тұстағы сындарлы кезеңі де тыс қалмады.

Аурельо Вайско, режиссёр:

- Бұл – тамаша деректі фильм. Тұлға арқылы тұтас дүниені көрсетуде Оливер Стоунның бай тәжірибесі бар. Ол президенттер сияқты өте маңызды адамдарға сауатты, ізгі сұрақтарды қоя біледі. Фильм маған Нұрсұлтан Назарбаевтың харизмасын түсінуге көмектесті.

Джанни Помпони, фестиваль қонағы:

- Фильм керемет, өйткені Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 40 жылдағы барлық жетістігі туралы баяндайды. Осы кезеңде елдегі өмір сүру деңгейі үнемі өсіп отырған.

Рим кинофестивалі фильмді әлемге таныстыру турнесін бастап берді. Картина АҚШ-та, Қытайда, Еуропаның басқа елдерінде де көрсетіледі.