«Жасыл кеңсе» байқауының қорытындысы шығарылды

«Жасыл кеңсе» байқауының қорытындысы шығарылды

Елордада «Жасыл кеңсе» үшінші республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Онда Қазақстанның экологиялық жауапты ұйымдары мен кәсіпорындары марапатталды. Аталмыш жоба «жасыл» және төмен көміртекті технологияларды дамытуға, сондай-ақ үздік экологиялық шешімдерді таратуға бағытталған. Биыл қатысушылар саны артып байқауға 100-ден астам өтінім берілгенін айта кеткен жөн. Қазылар 10 номинация бойынша өз өндірісінде озық жасыл тәжірибені енгізген 30 үздік көшбасшыны таңдады. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру нысандары, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, шағын және орта бизнес өкілдері, өнеркәсіптік кәсіпорындар, бизнес, қаржы ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдар бар.

Асыл Оқапова, байқау ұйымдастырушысы:

- «Жасыл» кеңсе – экологиялық таза кеңсе. Ондай нысандарда кез келген ресурстарға өте мұқият қарайды. Суды үнемдейді, ресурстарды тиімді пайдалануға көмектесетін «жасыл» жаңа технологиялар орнатылған. 100 өтінімнің ішінде «Өнеркәсіп секторы», «Білім беру» және «Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор» сынды үш номинацияға қатысушылар тарапынан белсенділік көбірек байқалды.

Владимир Пак, байқау қатысушысы:

- Біз өзіміздің алып кешенімізде «жасыл» кеңсе қағидаттарын енгізуге тырысамыз. Ең бастысы бұл әрине, электр энергиясын үнемдеу. Ол үшін қуат үнемдегіш шамдар және энергия тұтынуды азайтатын арнайы орнатылған жабдықтар бар. Сондай-ақ қазір көмірден бас тарттық, себебі табиғи газ пайдаланамыз. Өзіміз әзірлеген экологиялық жобаның арқасында атмосфераға зиянды шығарындылар жоқ.

Авторы: Ақзер Сегізбай