Қазақтың ақбас сиырын экспортқа шығару жоспарлануда

Қазақтың ақбас сиырын экспортқа шығару жоспарлануда

Қазақтың ақбас сиыры Латын Америкасы фермерлерінің үлкен қызығушылығын тудырды. Алдағы уақытта еліміз іріқараның бұл түрін шетелге де жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы елордада өтіп жатқан ауыл шаруашылығы көрмесінде айтылды.

Айта кетейік, отандық фермерлер ақбас сиыр санын арттырумен белсенді айналысып келе жатыр. Іріқара малдың бұл түрі кез келген климаттық жағдайға төзімділігімен және шыдамдылығымен әйгілі.

Дәурен Матақбаев, Қазақ ақбас сиыры республикалық палатасының атқарушы директоры:

- Бізге Моңғолия мен Өзбекстаннан делегациялар келді. Сонымен қатар қазақтың ақбас сиыры туралы естіп, білгендер арасында Латын Америкасынан келгендер де бар. Әр елде климаттық жағдай бірдей емес, сондықтан ауа райына шыдамды мал басын қарастыратындар көп. «Кез келген климаттық өзгеріске төзе біліп, жақсы өнім беретін малды өсіп-өндірген жақсы», - дейді келушілер.

Айта кетейік, мамандардың айтуынша, қазір Қазақстанда жарты миллионға жуық ақбас сиыр бар.