«Astana Opera» халықаралық опера академиясында оқу жылы басталды

«Astana Opera» халықаралық опера академиясында оқу жылы басталды

Елордада «Astana Opera» мемлекеттік опера және балет театры қанатының астынан ашылған халықаралық опера академиясы өз жұмысын бастады. Жүздеген үміткердің ішінен 16 студент таңдалып, бүгінде олар үздік отандық және шетелдік педагогтермен вокалдық шеберліктерін жетілдіруде. 3 кезеңнен тұратын сайыстан өтіп, академияның грантын жеңіп алған жастар екі жыл бойы білім ордасында тек ән айтумен ғана емес, сондай-ақ итальян тілін үйренетін болады. Бельгиядан арнайы шақырылған маэстро Франческо Медда студенттердің біліктігін өте жоғары деп бағалады. Оның айтуынша, жас өнерпаздарға әлемдік опералық орындаушылық деңгейге жету үшін талмай еңбек ету қажет.

Франческо Медда, «Astana Opera» халықаралық опера академиясына арнайы шақырылған педагог/Бельгия/:

- Бір қарағанда бәрі қиын, ал екінші жағынан өте оңай. Себебі өз ісіңе деген махаббат барда оны жетілдіре түсу оңай. Ең бастысы еңбектену керек. Өнерпаздардың өз ісіне деген сүйіспеншілігі барын байқадым, бұл маңызды. Мен италиялық техниканы, интерпретацияны және поэзияның метрикалық құрылымын, орфоэпияны үйретемін. Итальян тілінде ән орындауды, екпіннің буынға дұрыс түсуін үйретемін. Әртістің өмірі көрермен алдында концерт беру арқылы емтихан тапсырудан тұрады. Сондықтан мен жас орындаушыларды академияның алғашқы концертіне дайындап жатқаныма қуаныштымын.

Айта кетейік, халықаралық академияның алғашқы есептік концерті қараша айының басына жоспарланып отыр.

Авторы: Ақзер Сегізбай