Қандастардың ҰБТ тапсыру механизмі оңтайлануы мүмкін

Қандастардың ҰБТ тапсыру механизмі оңтайлануы мүмкін

Шетелдегі қандастардың ҰБТ тапсыру механизмін оңтайландыру немесе мүлде алып тастау керек. Себебі оларға жылда бөлінетін грант толықтай игерілмеуде. Бұл туралы «Отандастар қоры» коммерциялық емес АҚ жанындағы Қоғамдық комиссияның кезекті отырысы барысында қордың вице-президенті Мағауия Сарбасов мәлімдеді. Спикер мәлім еткендей, этникалық қазақтар үшін ҰБТ тапсыру қиындық тудырады. Өйткені қазақстандық бағдарлама бойынша 11 жыл оқыған талапкер Қазақстанда ешқашан оқымаған немесе тек 9 айлық дайындық курсынан өткен этникалық қазақтармен тең дәрежеде тест тапсырады. Сондықтан осы 4% квотаға 40% ниет білдірушілер ие бола алмайды. Алайда мәселеге жауапты ведомство өкілі ҰБТ сұрақтарына қиналатын қандастарымызға арнайы стипендиялық бағдарлама арқылы білім алу мүмкіндігі барын айтты.

Ержан Әмірбекұлы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары:

- 2019 жылдан бастап ҰБТ сынағынсыз стипендиялық бағдарлама арқылы шетелде жүрген қазақ, бірақ Қазақстан азаматтығы жоқ азаматтарды еліміздің ЖОО-да оқытудың жаңа тетігі іске қосылған болатын. Осы арқылы жылына 500-ге жуық, дәлірек айтсақ 490 бакалавриат, 50-ге жуық магистратура, 10-ға жуық докторантура деңгейіндегі оқу орындар қарастырылған. Ерекшелігі емтихан тапсырылмайды. Пікір алмасу негізінде азаматтарды қабылдаудың толық мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, қоғамдық комиссияның кезекті отырысында бұдан бөлек Қазақстандағы репатрианттардың қос азаматтығы, шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қолдау, Солтүстік Қазақстан облысында қандастарды орналастыру мен азаматтық алған қандастардың шет елдегі еңбек өтілдерін есепке алу тақырыптары көтерілді.

Авторы: Ақзер Сегізбай