Елордада «Вологда шілтері» көрмесі ашылды

Елордада «Вологда шілтері» көрмесі ашылды

Қазақстанда Ресей мәдениет күндері басталды. Іс-шаралар кешенінің аясында еліміздің ұлттық мұражайында «Вологда шілтері» атты көрме ашылды. Онда Вологда мемлекеттік тарихи-сәулет және көркемөнер музей-қорығының қорындағы бірегей сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылды. Денін ресейлік шеберлердің қолынан туған шілтер бұйымдары құрайды. Панно, киім үлгілері мен тұрмыстық жабдықтар сынды көздің жауын алатын еңбектердің барлығы 200 жылдан астам тарихы бар ілмекпен ілу, қолмен шынжырлы тоқу техникасымен жасалған. Сондай-ақ шара барысында шілтер тоқу дәстүрінің қыр-сырын танытатын шеберлік сабақтары ұйымдастырылған. Көрме 17 қазанға дейін жалғасады.

Ольга Ярилова, РФ Мәдениет министрінің орынбасары:

- Мұнда экспонаттардың көптеген түрі ұсынылған. Кейбіреулері XX ғасырдың басында жасалған құнды жәдігерлер. Енді біреулері кез келген елдің талғампаз сәнқойларының көңілінен шығатын заманауи үлгіде тоқылған. Бүгінде Вологда шілтерілерін әлем жақсы біледі, Париж бен Италия сынды елдерде сұранысқа ие, сондықтан да көрмеге келгеннің әрбірі өзіне қызықты деген дүниесін табатынына сенімдімін.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов