«Junior Eurovision-2021»: балалар байқауында 10 финалист анықталды

«Junior Eurovision-2021»: балалар байқауында 10 финалист анықталды

Қазақстанда «Junior Eurovision-2021» Ұлттық іріктеуінің 10 финалисі анықталды. Онлайн дауыс беру арқылы жас таланттар соңғы іріктеу сынына жолдама алды. Балалар арасындағы басты бәйге 6 қараша күні өтеді. Оған дейін 10 қатысушыға композиторлар ән дайындайды. Өнер бәйгесі әлемдік додада ел намысын қорғайтын нағыз талантты анықтайды.

Естеріңізге сала кетейік, 19 желтоқсанда Франция астанасы Парижде 19-шы «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауы өтеді. Қазақстан бұл жолы музыкалық сайысқа төртінші рет қатысады. Еліміздің ән байқауына қатысуы «Хабар» Агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағының мүшесі болуымен тығыз байланысты.

Хамит Шанғалиев, музыкалық продюсер:

- Биылғы тамаша өзгеріс ретінде конкурс Францияда онлайн емес, оффлайн өтетінін айтқым келеді. Былтыр Қарақат Башанова қатысқанда онлайн өткен еді. Бұл жолы осы ондықты жеңген жеңімпазымыз Францияға барып, өзінің өнерін көрсетеді. Жалпы барлығы былтырғыдай болады. Біздің іріктеу 30-дың ішіндегі іріктеу. 10-ын таңдап алдық. Сол 10 конкурсантқа жаңадан 10 ән жазылады.