Қазақтың ескі аңыз-ертегілері комикстерге айналды

Қазақтың ескі аңыз-ертегілері комикстерге айналды

«Еңлік-Кебек», «Естай-Қорлан», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Жұмбақтас», «Айша бибі», «Шайтанкөл», «Балқаш». Бұл қазақ даласының ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келетін аңыз ертегілері. Енді оларды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы мемлекеттік тілдерді дамыту қоры заманауи формат – комикске айналдырды. «Ұлы даланың аңыздары» атауымен жарыққа шыққан комикстер әзірге екі тілде, ал алдағы уақытта ағылшын тілінде де көпшілікке ұсынылмақ. Мемлекеттік тілдерді дамыту қорының директоры Азат Шауеевтің айтуынша, комикстер жас ұрпақтың назарын қазақ халқының мәдени-тарихи мұрасына аудару мақсатында дайындалды.

Азат Шауеев, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры:

- Бұл комикстер белгілі махаббат хикаялары: «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» және т.б. Осы ұлы даладағы ұлы махаббат туралы жеті аңызбен жұмыс істедік. Аңыздарды біздің мамандар өңдеді, оның ішінде 80-90 беттен тұратын «Алпамыс батыр» дастаны да бар. Бұл аңыздар жас ұрпаққа түсінікті тілде қысқаша ұсынылған. Жобаға жас батырлардың бейнесін салған талантты суретшілер қатысты. Комикс екі тілде шығарылады.

Айта кетейік, тұсаукесер барысында комикстер желісі бойынша түсірілген фотосуреттер көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Авторы: Ақзер Сегізбай