Ұлыбританияда «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылды

Ұлыбританияда «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылды

Ұлы дала алтыны. Дәл осындай атаумен Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің Фицуильям мұражайында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған көрме ашылды. Оған біздің дәуірімізге дейінгі VIII-III ғасырларда Орталық Азияда, атап айтқанда Қазақстанның Алтай тау жүйесінде үстемдік еткен скиф өркениетінің жәдігерлері, сақ қорғандарынан табылған құнды дүниелер қойылды. Сонымен қатар көрме қонақтарына Берел, Шілікті және Елеке Сазы сияқты үш түрлі қорымнан шыққан жүзге жуық археологиялық олжалар ұсынылған. Ал олардың ішіндегі ең бағалы экспонаттардың бірі, киімдері 15 000 алтын заттан тұратын – Алтын адам.

Люк Сайсон, Фицуильям мұражайының директоры:

- Бұл Ұлыбританияға және бүкіл әлемге Қазақстанның ежелгі мәдениетін танытуға арналған ерекше мүмкіндік. Меніңше, бұл жаһан тарихын қайта жазатындай тарихи жағдай. Ішіне талай сырды бүккен археологиялық қазбаларды зерттей отырып талай ғылыми жаңалықтарды бірге ашамыз деген ойдамын.

Бүгінде отандық археологтар қорғандардан табылған жәдігерлерді британиялық әріптестерімен бірге зерттеп келеді. Кембридж университеті жанындағы Макдональд археологиялық зерттеу институтының ғалымдары жаңа технологияларды қолдана отырып, бірегей артефактілердің құпияларын ашып жатыр.

Ребекка Робертс, көрме кураторы:

- Біз микроанализдер жасаймыз. Заманауи микроскоптың көмегімен ежелгі сақтардың қандай технологиялар пайдаланғанын және қолөнер бұйымдарын қалай жасағанын зерттей аламыз.

Айта кетейік, осындай бірегей алтын артефактілер еуропалық аудиторияға алғаш рет ұсынылып отыр. Оларды британиялық БАҚ «Халықаралық археологиялық сенсация» деп атады. Экспозицияны келер жылдың 30-шы қаңтарына дейін тамашалауға болады.