Қазақстанда аяқкиімді таңбалау міндеттеледі

Қазақстанда аяқкиімді таңбалау міндеттеледі

Қазақстанда 1 қарашадан бастап таңбаланбаған аяқкиім өндірісі мен тасымалына тыйым салынады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді. Ал аяқкиім импорттаушылар оған дейін алған тауарларын 1 сәуірге дейін сатып бітуі тиіс. Мұндай жаңашылдық заңсыз тасымалды тыю үшін қолға алынбақ. Себебі елдегі аяқкиімнің жартысына жуығы көлеңкелі нарыққа тиесілі. Ал таңбалау міндеттелген соң әр аяқкиім үшін дербес код беріледі және оның көмегімен тауар сапасы жайлы тұшымды ақпарат алуға болады. Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиеваның айтуынша, айналымдағы аяқкиімнің 96% сырттан келеді, тек 4% ғана отандық өнім екен.

Бикеш Құрманғалиева, «Қазақтелеком» АҚ Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры:

- Бір жұп аяқкиім үшін цифрлық код тарифінің құны – 2,68 теңге. Біз бірыңғай оператор ретінде Қазақстан үшін аяқкиім шығаратын 45 шетелдік зауытпен келіссөз жүргіздік. Яғни орта есеппен өндірушілер мен импорттаушылар үшін таңбалау шығындары бір жұп бағасының 0,1-2,5% құрайды. Қысқаша айтқанда, цифрлық таңбалау нарықта заңды түрде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің тауар бағасына аса бір өзгерістер алып келмейді.

Айта кетейік, жаңашылдық енгізілген соң кей аяқкиім бағасы қымбаттауы мүмкін. Өйткені өнімді заңсыз тасымалдап отырғандар тиісті қосымша құн салығы мен кедендік алымды төлемей келгендіктен, баға 20% арзан болған. Цифрлық экономиканы дамыту орталығының жоба жетекшісі Мұхаммедхайдар Сейіт мұндай олқылықтар тыйылып, бәрі заң аясында жұмыс істейтінін айтады. Сондай-ақ жобаға жауаптылардың айтуынша, тұтынушы мен кәсіпкерге ыңғайлы «Нақты өнім», «Нақты сауда», «Нақты сауда акт» сынды тегін мобильді қосымшалар әзірленді.