Қазақстан мен Сауд Арабиясының әуе байланысы жанданады

Қазақстан мен Сауд Арабиясының әуе байланысы жанданады

Қазақстан мен Сауд Арабиясының әуе байланысы жанданады. Қазан айында Алматы-Джидда бағытындағы тікелей рейстер қайта басталады. Бұл жөнінде елордада өтіп жатқан қос елдің бірлескен инвестициялық бизнес-форумында айтылды. Жалпы жиынға екі елдің іскер топтары мен бизнесінің 170-тен астам өкілі қатысуда. Қазақстан ынтымақтастық әлеуетін арттырып, қозғалыс шектеулерін азайту үшін вакциналау паспорттарын екіжақты тануды және QazVac-ты Сауд Арабиясына жеткізу, сондай-ақ Корольдіктің аумағында отандық екпені бірлесіп өндіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Саудиялық компаниялар болса жеке секторды дамыту, серпінді қоғам құру және халықаралық саудадағы бәсекеге қабілеттігін арттыруды көздейтін ұлттық бағдарламаны іске асыру тәжірибесімен бөлісті. Бұған қоса форум аясында бірқатар келісімге қол жеткізілді. Тараптар ауыл шаруашылығы, энергетика, туризм, баламалы қуат көздері және цифрландыру бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асырамыз деп уағдаласты. Пандемия салдарына қарамастан биылғы 7 айда екі елдің саудасы 36,5% артқанын айта кету керек.

Сәкен Олжабаев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ инвестиция тарту бөлімінің жетекшісі:

- Сауд Арабиясы Корольдігі делегация өкілдерінің айтуынша, Қазақстанға инвестиция құюға көптеген компания қызығушылық танытуда. Қазіргі уақытта Сауд Арабиясынан Қазақстанға құйылған тікелей инвестициялар көлемі 117 млн АҚШ долларын құрайды. Бірақ ол толықтай екі мемлекеттің инвестициялық ынтымақтастық әлеуетін көрсетпейді. Сондықтан осы форум келешекте екі елдің ірі компанияларының ынтымақтастығына, сондай-ақ бірлескен инвестициялық жобаларға бастама болады деп ойлаймыз.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов