«Бабалар ізімен» экспедициясы: жауынгерлердің ерлігі

«Бабалар ізімен» экспедициясы: жауынгерлердің ерлігі

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Ресейде. Көршілес жатқан бұл елмен тарихи байланыс өте көп. Деректерге сүйенсек, Франция императоры Наполеон Бонапарт Мәскеуге бет алғанда Ресей әскері жауға тойтарыс беруге дайындалады. Бұл соғысқа қос тараптан 260 мыңдай әскер қатысады, олардың ішінде біздің бабаларымыз да болған. Бүгінде оның айғақтары Бородинодағы музей-қорығында сақтаулы тұр.

Анна Хватова, «Бородино» музей-қорығының қызметкері:

- Біздің музейдегі ең құнды жәдігердің бірі – мамлюк қылышы. Тарихтан белгілі Наполеон Бонапарттың жеке күзеті тек мамлюк сарбаздарынан құралған. Ол 1798 жылы Мысырға жасаған жорығынан кейін жеке құрамға мамлюк жауынгерлерін іріктеп үнемі өзімен алып жүрген. Бұл экспонат екінші дүниежүзілік соғысқа дейін жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылды. Сондықтан музейдегі ең құнды әрі ескі жәдігерлердің бірі саналады.

Екінші дүниежүзілік соғыста да дәл осы Бородино даласына жақын жердегі Волоколам тасжолында қанды қырғын болған. Бұл жерде халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының ерлігі еске түседі. Сондықтан даңқты бабамыздың ескерткішін Волоколам қаласындағы батырлар аллеясының төріне орналастырған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Волоколам тасжолы Мәскеуге алып баратын тура жол. Сол тасжолды дұрыс қорғай алмаған жағдайда немістердің танктері бірден Мәскеуге шығатын еді. Сондай бір стратегиялық бағыттардың біріне біздің бабамыз Бауыржан Момышұлының батальоны қойылды. Батальонды 3-4 рет аман–сау, күллі құралдарымен қоршаудан алып шығу әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан ол кісінің соғыс тактикасын қазірге дейін шетелдің кейбір оқу орындарында әскерилерді дайындайтын сабақтың пәндеріне енгізген, оларға әсіресе Момышұлы тактикалары ұнаған.

Бүгінде Мәскеуді қорғау үшін жауға тойтарыс берген бабаларымыздың есімі жұрт жадында мәңгі сақталды.