Қарағанды өңірінің тарихы туралы танымдық сайт жасалады

Қарағанды өңірінің тарихы туралы танымдық сайт жасалады

Бір платформада жиналған тарихи мәліметтер. Қарағандыда өңірдің дамуынан толыққанды мағлұмат беретін танымдық сайт құрылмақ. Оған аймақтағы археологиялық, архитектуралық ескерткіштердің барлығы енгізіледі. Сол тізімнің басында тұрған киелі жердің бірі – Ақтау бекінісі. Ол 1837 жылы салынған. Топырақ үйіндісінің биіктігі 2 метрге, ал айналасындағы шұңқыр тереңдігі 3 метрге дейін жеткен.

Темірғали Аршабеков, тарихшы:

- Веб-сайт арқылы аз да болса әрбір өлкенің тарихынан, географиясынан, генеалогиясынан, топонимикасынан ақпарат беріледі. Ал жастар оның барлығын телефон арқылы көреді, яғни ақпараттық жүйеге жақындайды.

Ақтау бекінісі жайлы құнды құжаттар мен сол маңнан табылған жәдігерлер қазір Жаңаарқа музейінде сақтаулы.

Ерболат Шубаев, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Музейде тиын, солдаттардың түймелері, сол кезеңдегі қыз-келіншектердің таққан жүзіктері, сандықтардың тілі, құлпы сынды құнды жәдігерлер бар.

Ақтау бекінісіне осы күнге дейін арнайы археологиялық зерттеулер жүргізілген жоқ. Осы жерде қызмет еткен офицерлердің есептері мен жеке хаттары секілді мұрағаттық құжаттар негізгі ақпарат көзі болып саналады. Биыл зерттеушілер алғаш рет квадрокоптер көмегімен егжей-тегжейлі зерттеп, ескерткішті Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енгізу үшін құжаттар тапсырды. Тарихшылардың айтуынша, бұл аймаққа туристерді тартуға септігін тигізеді.