Сауықтыру туризміне сұраныс көп

Сауықтыру туризміне сұраныс көп

Пандемиядан кейінгі кезеңде сауықтыру туризміне ден қойылуда. Түркістан облысының шаруалары қымызбен емдеу орталықтарын ашып жатыр. Мұндай шипажайлар – иммунитетін нығайтқысы келетіндер үшін таптырмайтын дүние. Бүгінде Диханкөл елді мекені сапалы емдік сусынымен танымал. Туристер мұндағы қымыз өндірудің өзіндік құпиялары бар екеніне сенімді. Фермерлердің өздері ұлттық сусынның артықшылығын жылқының тау етегіндегі емдік шөпке жайылуымен байланыстырады. Күн сайын жергілікті тұрғындар 3 000 тоннаға дейін қымыз сатады.

Қайрат Қыпшақов, Төле би ауданының Қоғалы ауылдық округінің әкімі:

- Елімізде мұндай үлкен көлемде қымыз өндірісімен айналысатын ауылдар кемде-кем. Ауылымыздың 80% осы қымыз өндірісімен айналысады десем қателеспейтін шығармын. Халық табиғи өнімдермен емделуге ден қоюда. Ауылдың кәсіп жасаймын деген азаматтары үй іргесінен осындай саумалмен сауықтыру орталықтарын ашып жатыр.

Нұрболат Әбілдаев, кәсіпкер:

- Диханкөлдің атын бүкіл Қазақстан біледі десем де болады. Адамдар жан-жақтан келіп үйді сұрап жатады. Осы ауылды толық аралап, әр үйді паналап саумал ішеді. Ол кісілердің пікірінше, бұл жердің саумалы шынымен де ерекше.

Кәсіпкердің айтуынша, жаңа бие сүті, саумал саудасы қызып тұр. Оны сауғаннан кейін бірден үстелге қояды. Саумалдың емдік қасиеті туралы түрлі аңыздар бар. Бірақ дәрігерлер ұлттық сусындар саумал мен қымызды барлық ауруға қарсы ем ретінде емес, иммунитетті көтеру үшін қолдануға кеңес береді.

Жанар Қантаева, дәрігер-кардиолог:

- Негізгі ем ретінде қолдана алмаймыз. Себебі ауру асқынып тұрған кезде медициналық мекемеге жүгіну керек болады. Ал саумал тек әрі қарай имунитетті нығайту, қосымша күш-қуат алу үшін қажет.

Айта кету керек, өңірде қымызбен емдеуден басқа экотуризмді дамытуға мән берілмек. Ол үшін арнайы туристік жорықтар ұйымдастыру жоспарланған.