Қазақстан Президенті Ауғанстанға көмек көрсетуге дайын екенін айтты

Қазақстан Президенті Ауғанстанға көмек көрсетуге дайын екенін айтты

Қазақстан Президенті Душанбеде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Биыл бірлестіктің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Қазақстан Президенті ХХІ ғасырдың басында негізі қаланған ұйымның Еуразиялық кеңістіктегі халықтардың қауіпсіздігі мен өсіп-өркендеу жолындағы тиімді ынтымақтастыққа деген ұжымдық ерік-жігерін бүкіл әлемге танытқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресубликасының Президенті:

- Ортақ күш-жігердің арқасында ШЫҰ әлемдегі табысты әрі беделді өңірлік бірлестікке айналды. Аталған ұйым жауапкершілік тұрғысынан зор демографиялық, қаржылық, шикізат ресурстарына, сондай-ақ қуатты технологиялық әлеуетіне сүйенеді. Ауқымды нормативтік-құқықтық базасы қалыптасып, барлық деңгейдегі ықпалдастықтың тиімді тетіктері жолға қойылған. Ұйымның халықаралық байланыстары жылдам кеңейіп келеді. Үндістан мен Пәкістанның қосылуы ШЫҰ-ның күшеюіне ықпал етіп, оның жұмысына трансеуразиялық сипат бергені сөзсіз. Иранды толыққанды мүшелікке қабылдау рәсімінің басталғаны туралы шешім, сонымен қатар Мысыр, Сауд Арабиясы және Қатар елдеріне диалог бойынша серіктестер мәртебесінің ұсынылуы ұйымның Таяу Шығыстағы беделін одан әрі арттыра түсті.

Мемлекет басшысы бүкіл әлемде және Душанбедегі саммит алаңдарында кеңінен талқыланып жатқан ауған мәселесіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның гуманитарлық және экономикалық проблемаларды бастан өткеріп отырған Ауғанстанға барынша көмек көрсетуге дайын екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресубликасының Президенті:

- Қазақстанның инфрақұрылымдары мен логистикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, Ауғанстанға  халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда ШЫҰ-ның гуманитарлық «хабын» ұйымдасыруды ұсынамыз. Бұл қадам аймақтағы өткір мәселелерді шешу ісіндегі біздің ұйымның рөлін арттыруға, сондай-ақ БҰҰ мен басқа да халықаралық құрылымдардың қызметіне үйлесімді түрде атсалысуға ықпал ететініне сенімдімін.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында Тәжікстанның ұйым қызметінің тиімділігін арттыру үшін атқарған жемісті жұмысын атап өтті және Өзбекстан басшысын ұйымға төрағалығының басталуымен құттықтады.