XVII Еуразиялық медиа форум: тәжірибе алмасу

XVII Еуразиялық медиа форум: тәжірибе алмасу

Деректі фильмдер – қоғамның айнасы. Ондаған жыл өтсе де бұл жанрдағы туындылардың тарихи мәні маңызды болып қала бермек. Сол себепті аталған жобаларды әзірлеу үлкен жауапкершілік жүктейді. Үш күнге созылған дәстүрлі Еуразиялық медиа форумда бас қосқан мамандардың ойы осыған тоғысты. Елордаға арнайы Ұлыбританиядан келген деректі фильмдердің авторы Клементин Мальпас өз тәжірибесімен бөлісті. Сирия босқындары және ондағы әйелдердің құқықтары туралы бірнеше туынды жасаған. Ол фильм кейіпкерлерімен тұрақты байланыста. Ендігі мақсаты – Ауғанстанға бару. Әзірге жағдайдың тұрақсыздығына байланысты сапарын шегеріп жүр.

Клементин Мальпас, деректі фильм авторы /Ұлыбритания/:

- Деректі фильм голливудтық киноға ұқсауы мүмкін, алайда ең үлкен айырмашылығы оның шынайылығында. Фильм түсірген кезде 3 маңызды шартты есте сақтау керек. Біріншіден «Сіздің кейіпкеріңіз нені қалайды?», екіншіден «Ол кейіпкердің өмір жолында қандай кедергілер бар?» және үшіншісі айтылған мәселелердің шешімі жақсы болсын, жаман болсын деректі фильмнің соңында міндетті түрде көрсетілуі тиіс.

XVII Еуразиялық медиа форум биыл онлайн және оффлайн форматта ұйымдастырылды. Жиында әлемдік және қазақстандық жетекші БАҚ өкілдері, халықаралық сарапшылар, саясаткерлер, ғалымдар, қоғам және мәдениет қайраткерлері бас қосты.

Авторы: Ақзер Сегізбай