Қытайда ШЫҰ елдері шеберлерінің көрмесі өтіп жатыр

Қытайда ШЫҰ елдері шеберлерінің көрмесі өтіп жатыр

Қытайда ШЫҰ мүше елдердің суретшілері мен мүсіншілерінің көрмесі өтіп жатыр. Бейжіңдегі ұлттық көркемсурет мұражайында ашылған «Ортақ арман» атты экспозицияда Қазақстанның қылқалам шеберлері мен жас суретшілердің де жұмыстары қойылған. Оның ішінде Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының мектеп-интернаты тәрбиеленушілерінің еңбектері бар. Көрмеде Қытайдың ұлттық көркемсурет музейінің қорындағы 50-ден астам жәдігермен танысуға болады. Сондай-ақ 89 туынды сандық форматта ұсынылған. Халықаралық ұйымның аспанасты еліндегі мәдени жылы аясында ұйымдастырылған көрме қыркүйектің 21-іне дейін жалғасады.

У Вэйшань, ҚХР ұлттық көркемсурет мұражайының директоры:

- Бұл көрменің ең басты ерекшелігі оның инклюзивтігінде. ШЫҰ мүше елдері шеберлерінің еңбектері бір алаңда жиналған. Әрқайсысы өз мәдениетіне сай ерекше, бірегей туынды. Көрме эмблемасының түсі көк. Бұл адамзаттың ортақ болашағын білдіреді. Онда кеме бір аспан, бір теңіздің бойымен жүзіп келеді.