Еңбек нарығында мұғалімдер жетіспейді

Еңбек нарығында мұғалімдер жетіспейді

Мұғалімдер еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Тек тамыз айында қазақстандық мектептер 113 мыңнан астам педагогті іздестірген. Әсіресе Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында. Шілде айымен салыстырғанда аталмыш саладағы бос жұмыс орындарының саны шамамен 40% артты.

Сұранысқа ие мамандар ішінде – шет тілі, орыс тілі мен әдебиеті, сондай-ақ бастауыш сынып және математика пәндерінің оқытушылары. Бұл ретте жұмыс іздеушілер саны да артты. Мысалы, өткен айда мұғалімдердің 57,5 мың түйіндемесі жарияланды. Мамандар мұндай қарбаласты оқу кезеңінің басталуымен байланыстырады. Себебі бұл – жылда орын алатын оқиға. Сондай-ақ елімізде жаңа білім ордаларының ашылуы және ұстаздар жалақысының бірнеше есе өсуінің де әсері бар.

Руслан Тілеубаев, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары:

- Үміткерлер арасында бәсекелестіктің артуы байқалады. Бұған мұғалімдердің жалақысының өсуі әсер етті. Егер жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтар бойынша жарияланған байқауға қарасаңыздар, қазіргі уақытта талапкерлердің саны бір грантқа бірнеше есе өскенін байқауға болады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке 2025 жылға дейін 1000 жаңа мектеп ашуды тапсырды. Сондай-ақ ұстаздардың біліктілігін арттыру және ғалымдардың жалақысын өсіру керектігін де айтты. Бұл қадамдар бос жұмыс орын санының өсуіне және жас қазақстандықтар тарапынан ұстаз мамандығына деген қызығушылығын арттыруға өз септігін тигізеді деп күтілуде.

Авторы: Ақзер Сегізбай