Көне Сарайшық құпиясы: ғалымдар ежелгі күміс тиындар тапты

Көне Сарайшық құпиясы: ғалымдар ежелгі күміс тиындар тапты

Көне Сарайшық құпиялары. Алтын Орда дәуіріндегі археологиялық ескерткіш аумағында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары кезінде ғалымдар ХІІІ-ХІV ғасырларға тиесілі күміс тиындар тапты. Табылған жәдігерлер Сарайшықтың өзінде ақша соғатын сарай болғанын дәлелдейді. «Күміс тиындардың бетіне сол замандағы билеушілердің аттары жазылған», – дейді ғалымдар.

Айбек Тұрарұлы, археолог:

- Бұл жерден алты бөлмелі алтынордалық кезеңнің бөлмесін анықтадық. Одан бөлек, алтынордалық Жәнібек, Өзбек хандар соқтырған тиындар анықталған. Барлығы 36 дана күміс тиын көмбесі табылды. Бұл соңғы кездегі ең ірі тиындар көмбесі болып табылады.

Сонымен қатар көне Сарайшық қорымынан табылған қыш құмыралардағы бедерлі ою осы арада қолөнер мектебінің болғанын айғақтаса, әтір құятын құты мен қола айна – Сарайшықтың алыс Еуропамен сауда байланысы болғанының белгісі. Сондай-ақ былтыр дәл осы жерден «Хан моласының» орны табылған еді. Бұл жерде осы өңірде билік құрған «Алтын Орданың» 7 ханы мен қазақ хандары және ноғай билеушілері жерленгені анықталып отыр. Ғалымдардың пікірінше, қорымдардың бірі Қасым ханға тиесілі.

Әбілсейіт Мұхтар, «Сарайшық» музей-қорығының директоры:

- Бұл жер үлкен пантионның орны деген қорытындығы келіп отырмыз. Биыл Қасым ханның Сарайшықта жерленгеніне 500 жыл толады. Осы шараны біз үлкен ғылыми конференциямен атап өтпекшіміз. Осы жерге ғалым-археологтарды шақырамыз. Белгілі бір зерттеу қорытындысын жасаймыз деген ойдамыз.

Ғалымдардың айтуынша, табылған жәдігерлер Ұлы Жібек жолында үлкен мәдениеттің болғанын айғақтайды.