Таразда бір құмыра күміс монета сынықтары табылды

Таразда бір құмыра күміс монета сынықтары табылды

Ғасырлардан жеткен күміс теңгелер. Тараз қаласының жанындағы Қызыл жұлдыз ауылының маңынан XX ғасырдың ортасына жататын күміс монеталар табылды. Ғалымдардың пайымдауынша, теңгелердегі арабша жазулар мен белгілер «саманидтер» дәуіріне тиесілі. Бір қызығы мұндай олжаны тараздық тұрғын кездейсоқ тауып алған. Салмағы жарты келіге жуық көне тиындарды Рафаэль Искандеров тарихи-мәдени қорық-музейіне табыс етті.

Айта кетейік, бұл аймақтарда мұндай ірі көмбенің табылуы алғаш рет болып отыр. Енді мамандар көмбе табылған жерді зерттеуге кіріспек.

Рафаэль Искандеров, Тараз қаласының тұрғыны:

- Көлігім бұзылып, жол жиегіне тоқтадым. Жөндеу үшін түсіп едім, көзіме құмыра сынықтары түсті. Жанында жалт-жұлт еткен бір нәрсе көрінді. Анықтап қарасам, жылтыр металл сынықтары. Топырағымен бір уыс қылып үйге алып келіп, жудым. Араб жазуы бар монета сынықтары болып шықты. Ешкімге айтпай, сатып жіберу туралы ұсыныстар айтылды. Менің ойымша, мұндай заттар сатылмауы керек. Бұл заттар – бағасы жоқ құндылықтар. Өскелең ұрпақтың оны білуі, көруі керек. Себебі бұл – тарих.

Нұрлан Бықыбаев, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:

- Музейдің өзінің археолог мамандары бар. Келесі аптадан бастап комиссия мүшелерін шақыртып, орнын көреміз. Егер дәл сол жерден нақты табылып, әлі де шығып жатқан дүниелер болса, онда болашақта сол жерді қазуға тырысамыз. Барлығын өзіміздің қорға өткізіп, құнды экспонаттарды экспозицияға орналастырамыз.