Солтүстікқазақстандық шебер ұлттық аспаптар жасаумен айналысады

Солтүстікқазақстандық шебер ұлттық аспаптар жасаумен айналысады

Үскірік, сазсырнай, тастауық. Солтүстікқазақстандық қолөнер шебері Қанат Исеков қазақтың үрмелі ұлттық аспаптарын жасаумен айналысады. Ол үшін тек қолда бар дүниелерді ғана пайдаланады. Керегі – топырақ, су және от. «Көнерген дүниелерді жасау үшін бұдан артық ештеңе қажет емес», – дейді ол.

Қанат Исеков, технология пәнінің мұғалімі:

- Шыдамдылық, төзімділік керек. Әрине, сосын кішкене фантазия да қажет. Оны оюлап, әдемілеп, өрнек салуға болады. Балшық осы жергілікті жердің 1,5-2 метр жерден құдық қазған кезде аламыз.

Қазақтың көнерген ұлттық аспаптарын өңірде жаңғыртып жүрген жалғыз қолөнер шебері қазір қазақ қолөнерінің көркемдік айшығын келешек жастарға үйретіп жүр. Тіпті мектепте технология сабағында балалар балшық илеп, аспаптарды жасайды.

Шыңғыс Сәрсімов, оқушы:

- Бұл – сазсырнай. Оны жасау үшін бір сағат кетеді. Ал мұны кептіруге бір-екі жұма қажет. Аспапты кептіру үшін қараңғы жерге қояды. Не ыстық, не суық жер болмауы керек. Одан кейін мұны қатайту үшін пешке салып, отқа күйдіреміз.

Қолөнер шебері көкірегі күйге толған, әр үнінде шешендік бар домбыраны, жеті ішекті шертпелі жетігенді, тіпті қобызды да жасап көрген. «Бастысы үйеңкі, қайың, қарағай сынды қатты ағаштарды пайдалану керек», – дейді Қанат Исеков.