Педагогтерді жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді

Педагогтерді жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді

2021 жылдың қыркүйегінен педагогтерді жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді. Бұл туралы «Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбындағы педагогтердің республикалық Тамыз конференциясының пленарлық сессиясында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті. Министр аталмыш тақырып төңірегінде талдау мен пікір алмасу болып, нәтижесінде тиісті бұйрыққа жақында қол қойылғанын айтты.

Асхат Аймағанбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Бұған дейін педагогтерді жұмысқа қабылдауды біржақты директор жүргізсе, енді бұл қадамдар электрондық форматта конкурс артқылы іске асырылады. Бұл ретте нақты көрсеткіштер мен өлшемшарттар бар. Сол көрсеткіштер мен шарттар бойынша мектеп пен комиссия педагогті қабылдау тұрғысында шешім қабылдайды. Сондай-ақ 2021 жылдың қыркүйегінен білім беру ұйымдары директорларын қызметке тағайындаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Бұл өз кезегінде балалар үйлеріне, мектептер мен колледждерге қатысты. Осыған қатысты көптеген сұрақ болған еді. Ұйым жетекшісі бір орында 25-30 жыл қатарынан қызмет ететін оқиғалар кездесіп жатады. Дегенмен олардың жұмысынан нәтиже болмайтын жағдайлар да байқалып отыр. Сондықтан тағайындаудың жаңа жүйесі ең маңызды сұрақтарға жауап береді және жұмысты атқару нәтижесін жоғарылатады деп ойлаймын.

Ведомство басшысы өз баяндамасында 2022 жылдың қаңтарында балабақша мен мектеп, колледж педагогтерінің жалақысы тағы 25% өсетінін айтты. Сонымен қатар мектеп директорларына жалақы төлеу жүйесіне өзгеріс енгізілетінін де атап өтті. Ол директорлардың жалақысы ұстаздың еңбекақысынан төмен болатын жағдайлар жиі кездесетінін айтып, бәсекеге қабілетті менеджерлерді басшылық қызметке тарту үшін бірінші кезекте жалақы мәселесі шешімін табатынын алға тартты.