Егін жинау науқаны жалғасып жатыр

Егін жинау науқаны жалғасып жатыр

Биыл қазақстандық егіншілер 15 млн тоннадан астам өнім жинайды. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір өңірлерде орын алған қуаңшылыққа қарамастан, күтілетін астық көлемі республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және экспортқа арналған жоспарларды іске асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ведомство басшысының мәліметінше, Қазақстанда 450 мың тоннаға жуық астық қоры резервте. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігі туралы алаңдамауға болады деп сендірді отырыс барысында министр. Бүгінде республикада егін жинау науқаны қызу жүріп жатқанын атап өткен жөн. Өңірлерде қазірдің өзінде 1,5 млн гектар дәнді және дәнді бұршақ дақылдары жиналды.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Орташа түсімділік гектарына 10 центнер құрап, 1,5 млн тонна астық бастырылды. Өткен жылы орташа түсімділік гектарына 14,9 центнер болып, 2,4 млн тонна немесе 37,5% артық бастырылды. Негізгі астық егетін аймақтар осы айдың үшінші онкүндігінен бастап жаппай егін жинауға кіріседі. Егін жинау науқанын іске асыруға республикадағы 141,7 мың трактор, 73,5 мың трактор тіркемесі, 36,9 мың астық жинайтын комбайн, 12,8 мың орақ жұмылдырылады.