Елімізде отандық қолөнершілерді қолдау жобасы іске қосылды

Қазыналы елдің мәдени мұрасын жаңғырту. Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігі және отандық колөнершілерді қолдау жобасы іске қосылды. «Born Nomad» атты игі бастама бабалардың тұрмыстық салтындағы көнеден келе жатқан ата кәсіптерді сақтап, заман ағымына сай дамыту арқылы сыртқы нарыққа шығаруды көздейді.

Айка Алеми, арт-«Born Nomad» жобасының директоры:

- Бұл жоба бизнесті қолдау мақсатында қолға алынды. Нақты айтар болсақ мақсатымыз - қолөнершілерге демеу жасау. Отандық шеберлерді жоғары сапалы өнім әзірлеуге, туындыларын дұрыс өңдеп, қаптап ұлттық бренд болатын өнім шығаруға үйретумен қатар жергілікті және шетелдік нарыққа шығарып табыс көзіне айналдыруға септесу. Өйтпесе, бұл тек қолөнер ретінде ғана қарастырылады. Мәдени кодымыз бен ұлттық өнердің бірегейлігін кеңге насихаттай білуіміз керек. 

Отандық дизайнер Дана Әшімова жобаға қызығушылық танытқандардың бірі. Оған қатысу үшін өтінім білдірген. Шебер ұлттық нақыштағы көйлек, бас киім, қамзол тігіп, киізден түрлі әшекей бұйымдар жасайды. Ол пэчворк техникасын да меңгеріп алған. Сән индустриясы әлеміне келген 6 жылдың ішінде қазақстандық сәнгер ондаған ірі фэшн шараларға қатысып үлгерген.

Сондай-ақ еуразиялық дизайнерлер одағы мен халықаралық қолөнершілер одағының мүшесі атанды.

Дана Әшімова, дизайнер:

- Бұл жобаға қатысу маған ең алдымен моральді тұрғыдан қолдау болады. Мен қазіргі өнер керуені көшінен қалғым келмейді. Барлық қатысушылармен тең дәрежеде жұмыс жасағым келеді. Ұлттық нақышта пано жасап шығарсам деймін. Біреулер киіз немесе пэчворк техникасы өзгелердің өнері дейді. Мен онымен келіспеймін. Бұл біздің көнеден келе жатқан төл өнеріміз. Қазір оны жаңғыртып жатырмыз. Ескі мәнерді сақтап заманауи реңде жаңа деңгейде дамытып жатырмыз.

Бұл ірі жобаның қатысушылары қолөнер бұйымдарын онлайн тұғырнама арқылы көпшілікке таныстырып, кеңге насихаттай алады. Оның аясында жалпыұлттық таланттар байқауын ұйымдастыру көзделіп отыр. Ұлттық жоба жеңімпаздары ақшалай немесе құнды сыйлықтармен емес экспорттық келісім шарттармен марапатталатын болады. Ауқымды форум мен фестиваль өтеді.

Айта кетейік, жоба «Атамекен» ҰКП және АҚШ елшілігінің қолдауымен іске асты.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов