Елордада халықаралық көлік көрмесі ашылды

Елордада Орталық Азиядағы коммерциялық, жол-құрылыс, коммуналдық және қоғамдық көліктердің халықаралық көрмесі ашылды. Өңірдегі заманауи ең ірі бизнес алаң көлік нысандары, қосалқы бөлшектер, жөндеу жабдықтары сынды автоқұрамдар әлеміне үңілуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауқымды шара аясында мамандар бас қосып, үш күн бойы саланың негізгі мәселелерін талқылайтын болады. Қоғамдық тасымалды дамыту және жолаушылардың қауіпсіздігі үшін саланы сандық үлгіге көшіру, билет берудің бірыңғай жүйесін ендіру сынды тақырыптар алғашқы күн тәртібінің өзегіне айналды. Бұл орайда туристерді тасымалдау жағын жетілдіру арқылы саяхатшылар ағынын арттырудың тың жолдары қарастырылды. Ең алдымен қауіпсіздік пен жайлылыққа басымдық берілмек. Осы бағытта Қазақстанда туристік көліктер құнынның 25% субсидиялау және жолаушыларға интермодальді тасымал жүйесін ұсыну сынды жобалар қолға алынады.

Даниель Сержанұлы,  «Kazakh Tourism» ҰК АҚ туристік өнімді дамыту департаментінің директоры:

- Біздің елде интермодальді тасымалдау дейтін бірнеше көлік түрімен бірдей жүріп өту бойынша жақсы талқылаулар жасайтын боламыз. Мәселен, сіз теміржолға билет аласыз Алматыға дейін. Онда жетіп барғанда әрі қарай Қапшағайға дейін шатл бас немесе басқа көлік түрі күтіп тұруы мүмкін. Оның бәрі тек бір билеттің ішінде бола алады. Әлемде бұндай тәжірибе бар. Біз енді соны Қазақстанға қалай енгізсек? Сол туралы әуе тасымалдаушылары, темір жол тасымалдаушылары және жекелеген такси немесе транспорттық компаниямен осыны ақылдаспақпыз.

Ержан Балтаев, «Astana Invest» басқармасының төрағасы:

-Туристер қаламызға келгенде олардың бірінші кездесетін адамы ол тасымалдау көлігінің жүргізушісі және көліктің өзі. Туристерге жақсы әсер қалдыру үшін біз көлік компанияыларына әріптестерімізге, олардың жүргізушілеріне әдістемелік оқыту жүргізу мәселесін қолға аламыз деп отырмыз. Одан бөлек ол тіл мәселесі. Қазіргі таңда қажет болатын ағылшын тілін үйрету деген сияқты.   

Авторы: Жеңіс Ермұқанов