Елімізде сирек жануарлар мен құстардың биобанкі құрылады

Жойылып бара жатқан жануарлар мен құстардың генетикалық мәліметтерін жоғалтып алмау. Осындай мақсатпен отандық ғалымдар биоалуандылықты сақтауға бағытталған ауқымды жобаны қолға алды. Оның аясында құстар мен жануарлардың ДНҚ-сы зерттеледі. Бұл үшін олардың қан сынамасы мен түгінің немесе бұлшықет тіндерінің үлгілері алынады. Осылайша, ел қорықтарындағы бұйра бірқазан, жорға дуадақ, ақбас тырна немесе ақбөкеннің генетикалық мәліметін сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Елена Жолдыбаева, Ұжымдық пайдаланудың ұлттық биотехнология зертханасының меңгерушісі:

- Нуклеотидтер тізбегін анықтап, тіпті митохондриялық ДНҚ-сы негізінде оның қандай жануар екенін, тіпті қай түрге жататынын тікелей білуге болады. Содан кейін қолда бар нуклеотидтер тізбегін салыстырып, оның түрінен басқа, эволюциялық даму кезеңдерін көруге мүмкіндік бар.

Виктория Цай, Қолданбалы генетика зертханасының кіші ғылыми қызметкері:

- Белгілі классификацияға сәйкес, осы жануарлардың қатарларын, бір-бірімен тығыз байланысты түрлерін анықтаймыз. Сол арқылы генетикалық тізбегін құрамыз.

Айта кету керек, бұл тәсілмен алынған ақпаратты ғалымдар халықаралық дерекқорға енгізеді. Дәл осы тәсілді қолдана отырып, олар жойылып бара жатқан және сирек кездесетін өсімдік түрлерінің де базасын қалыптастырмақ. Жалпы биоалуантүрлілікті сақтау бағдарламасы 3 жылға есептелген.