ҚР Парламенті 2020 жылғы бюджеттің орындалу есебін мақұлдады

Ұлттық қор жинақтау режимінен тұтыну режиміне ауысып кетті. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Үкімет есебін тыңдау кезінде Сенат депутаты Ольга Перепечина мәлімдеді.

Оның атап өтуінше, дағдарыс кезеңінде бұл мәжбүрлі әрі негізі бар іс-шара саналады. Себебі мемлекеттік міндеттеменің көлемі өсіп келеді. Әлеуметтік шығыстар бюджет көлемінің 40% астамын құрайды. Сондықтан кірістердің жаңа көздерін іздеу және еліміздің «қауіпсіздік жастығы» әрі болашақ ұрпаққа арналған қаражатты басқарудың әдістерін қайта қарастыру қажет. «Өндірістік кешенді қолдауды назардан тыс қалдырмаған жөн», – дейді сенатор.

Ольга Перепечина, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- 2020 жыл елімізге жалпы әлем үшін күрделі жыл болды. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Қазір қарастырылып жатқан бюджет қорытындысы экономикалық, бюджеттік және мемлекеттік басқаруға қатысты дұрыс шешім қабылдау, қолдау құралдары мен тетіктерін құру үшін маңызды. Оның барлығы дағдарыстан кейінгі ел экономикасын дамыту мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бізде Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамудың ұлттық жоспары, дағдарысқа қарсы бағдарламалар бар. Басты қаржы құралы ретінде бюджет жаңа экономиканы, аймақтарды жетілдіруге, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс.

Ел экономикасын дамытуға қатысты қолға алынған кешенді шаралар барысы жайында Үкімет басшысы Асқар Мамин айттып берді. Оның сөзінше, осы жылы халықтың табысын 5% арттыру үшін жалпы құны 8 трлн теңге болатын 415 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұған қоса биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 200 мектеп, 30 медицина мекемесі қолданысқа берілмек. Осылайша, Үкіметтің алдында тұрған басты міндет – экономикалық өсімді 3,5-4% деңгейде қамтамасыз ету.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов