Үкіметтің функциялары министрліктерге бөлінеді

Қазақстан Үкіметінің 94 өкілеттігі министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, бұған қоса 4 мемлекеттік органға қосымша өкілеттіктер беріледі. Енді стратегиялық жоспарды құру мен ол жайында есеп беру және өрт қауіпсіздігі ережелерін бекітумен құтқарушыларды аттестаттау міндеттері тисті органдарға жүктеледі. Су қорын пайдалану мен қорғау да жауапты органның құзырына өтеді. Автожол, әуеден түсіру, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелері де Үкімет қарауында болмайды.

Әсет Ерғалиев, Ұлттық экономика министрі:

-  Жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын, стратегиялық құжаттарда және сарапшылардың ұсынымдарында айқындалған басымдықтарды ескере отырып дайындалды. Оны әзірлеу кезінде орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік функцияларды талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Заң жобасында 55 заңнамалық актіге, оның ішінде 5 кодекс пен 50 заңға түзетулер көзделіп отыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов