Бизнесті заңсыз тексеретіндер жауапқа тартылады

Қазақстанда бизнесті заңсыз тексеру бойынша заңнама күшейтіледі. Жеке кәсіп жүргізуге кедергі келтірген лауазымды тұлғаларға қатысты істерді қарау мерзімі енді 1 жылға дейін ұзартылады. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында тиісті заң жобасы талқыланды. Құжат төменгі палата депутаттарының бастамасы бойынша әзірленді.

Халық қалаулысы Гүлнар Бижанованың хабарлауынша, мемлекеттік орган қызметкерлері тарапынан кәсіпкерлердің құқығын бұзу деректері жиілеп кеткен. Оларды жауапқа тарту үшін 2 ай беріледі. Бұл уақыт кәсіпкерлер тарапынан түскен шағымдар бойынша тексеріс өткізуге жеткіліксіз. Салдарынан кінәлі тұлға жазадан сытылып кетеді. Бұған дейін заңды бұзған шенеуніктердің тек 20% ғана әкімшілік жауапқа тартылды. Депутаттар жеке меншік нысанына заңсыз кірген адамның үстінен қылмыстық іс қозғау туралы ұсыныс білдірді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Бұл аталған норма «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының іс жүзінде орындалуын көздейді. Ондағы бөлімдердің бірінде кәсіпкерлердің жеке ісіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуын заң негізінде доғаратын заңдарды қабылдауды қамтамасыз етеміз делінген. Бұған қоса прокурорларға кәсіпкерлердің шағымдарына дереу әрекет ету үшін басқа мемлекеттік органдарға қайта жіберудің қажеті болмайды. Сондай-ақ заң жобасында прокурордың шешімін орындамағаны үшін жауапқа тарту нормасы қарастырылған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов