Қазақстан-Эстония бизнес-форумы: ынтымақтастық болашағы

Қазақстан мен Эстония арасындағы ынтымақтастық аясы кеңейіп келеді. Тараптар сауда-экономикалық, іскерлік байланыстарды дамытып, өзара алыс-беріс көлемі мен барыс-келісті арттыруға мүделі. Эстония мамандары біздегі әріптестерімен үздік тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік алмасуға дайын. Екіжақты ынтымақтастық болашағы жайында онлайн форматта өткен Қазақстан-Эстония бизнес-форумында айтылды. Қатысушылар елдердің транзиттік жүк тасымалын, логистиканы дамытуға мүмкіндіктердің зор екенін айтады. Бұған қоса, тараптар инвестиция, денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы, IT және «жасыл» технологиялар саласында бірлескен жобалар құруға уағдаласты.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда Эстония капиталымен 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Нұрлан Сейтімов, Қазақстанның Эстониядағы елшісі:

- Эстония жалпы Балтық өңірі бойынша Қазақстан үшін аса маңызды серіктес. Біз екі ел арасындағы экспорт пен импорттың үлесі мен тауар түрлерін арттыру арқылы сауда-экономикалық әріптестікті нығайтуға басымдық береміз. Экономикалық ынтымақтастықтың бар болашағын пайдаланып, байланысты кеңейте түсуге ден қоямыз. Осындай бизнес форумдар қалыптасқан әріптестігіміздің қарқынын түсірмей әрі қарай дамытуға жол ашады. Екі жақты бірлескен бизнесті толыққанды жолға қоюға үлкен мүмкіндіктер бар.

Хейти Мяемеэс, Қазақстандағы Эстония елшісі:

- Былтыр COVID-19 өршуіне қарамастан экспорт көлемі артты. Қазақстаннан келетін импорт сәл ғана төмендеді. Жалпы қызмет көрсету саласы бойынша экспортымыз жақсы дамып келеді. Мәселен, логистика және ақпараттық технологиялар салаларындағы әріптестік артып, осы бағыттағы байланыс қарқын ала түсті. Инфестиция жағы да аса маңызды. Бүгінгі таңда Қазақстан Эстонияға 54-55 млн қаржы құйса, эстониялық кәсіпорындар 12 млн инвестиция жасады.