Сергей Лавров арандатушыларға қатысты пікір білдірді

Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Хабар» Агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында ресейлік саясаткерлердің біздің елге даулы мәлімдемелеріне түсініктеме берді.

Сергей Лавров: «Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты үнемі теріс пікір айтушылар тек өздеріне назар аудартқысы келеді. Анығында Қазақстанмен қарым-қатынасты айқындайтын көшбасшы тұлғалар мұндайға жол бермейді және ешқашан олай жасамайды да», – деп мәлімдеді.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Қазақстан Ресейдің ең жақын досы әрі стратегиялық серіктесі екенін жақсы білеміз. Соған қарамастан, Ресейде белгілі бір ортадағы саясаткерлер арандатушылық бағытта мәлімдемелер жасап жүр. Неліктен бұлай болып жатыр? Себебі неде?

Сергей Лавров, Ресейдің Сыртқы істер министрі:  

- Саясаткерлер мансабын әртүрлі жасайды. Сенсациялық мәлімдемеге құмарлары бар. Қоғамда пікір туғызатын жайттарды көтеріп, есте сақталып қалғысы келеді. «Бастысы газеттің алғашқы бетіне шықсақ болды» дегендей. Осындай арандатушылық бағыттағы мәлімдемелер демократияның бір құндылықтарына айналып кетті. Нақты саясатқа келгенде, арандатушылық болмайды деп сендіремін. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты Мемлекет басшылары қол қойған құжаттар, Парламенттер бекіткен заңдар, халықаралық құқық нормалар негізінде жалғастырамыз.