Мемлекеттік органдар халыққа қабылданған заңдардың ережелерін түсіндіруге міндетті болады

ortcom.kz/

Қазақстанда қоғаммен диалогтың жаңа форматы енгізілді. Бұдан былай әрбір заң жобасының алдында жұртшылықпен кеңесуге арналған консультативтік құжат болады.

Бұл туралы Әділет вице-министрі Наталья Пан мәлімдеді. Оның айтуынша, құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланады. Оны талқылау жария тыңдаулар мен пікірталастар сынды тәсілдерді пайдалана отырып жүргізіледі.

Бұдан былай мемлекеттік органдар халыққа қабылданған заңдардың ережелерін түсіндіруге міндетті. Бұл үрдіске ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру бағдарламасы да енгізілген. Азаматтарға жаңа міндеттер мен талаптарды белгілейтін нормалар кем дегенде 60 күн күшіне енбейді. Бұл азаматтар заңның жаңа талаптарымен танысып, жүзеге асыруға дайын болуы қамында жасалуда. Қоғаммен талқыланғаннан кейін ғана оның орындылығы туралы шешім қабылданады. Тиімділігі 5 жыл ішінде бағаланады.

Наталья Пан, ҚР Әділет вице-министрі:

- Консультативтік құжаттың тиімділігін бағалау үшін әзірлеу сатысында оны құрушы орган заң қабылданғаннан кейін қол жеткізгісі келетін нақты индикаторларды айқындауға тиіс. Ол нақты сандармен көрсетіледі. Өйткені заң ол тек ұсыныстар ғана емес, нақты істердің жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Екіншіден, әзірлеуші орган заң қабылданғаннан кейін ондағы нормаларының іс жүзінде атқарылған жұмысын саралайды. Мұндай есеп жыл сайын бес жыл ішінде Әділет министрлігіне, ал одан әрі Премьер-Министрдің Кеңсесіне жіберіледі.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

×