Н. Нығматулин Мәжіліс алдындағы міндеттерді атады

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің жаңартылған құрамы қоғам және мемлекеттік органдар арасындағы байланыс көпірі болуға басымдық беріп, алғашқы сессияда осыған негізделген заң жобаларын қабылдайтын болады. Бұл туралы палатаның пленарлық отырысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті.

Спикер жаңадан жасақталған халық қалаулыларына ел сенімін ақтау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүктеген нақты міндеттері туралы айтты. Мемлекет басшысы депутаттық корпусқа жетістіктерімізді сақтап, одан әрі дамыту жолындағы жаңа мақсаттар тапсырды. Олардың қатарында әлеуметтік және салық кодекстерінің жаңа жобалары бар. Соңғысы іскерлік белсенділікті ынталандырып, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға негіз болуы тиіс. Төменгі палатаның төрағасы ол үшін бизнесті қолдауға арналған заңдардың мақұлдануына ден қоюға шақырды. Олар жаңа саясатқа негізделуі қажет. Маңызды құжаттар тізіміне «өндірістік саясат», «қоғамдық бақылау» сынды заңнамалар жататынын тілге тиек етті. Сондай-ақ «адам құқықтарын қорғау» заң жобасын құруда ерекше мән беріп, басымдыққа алу керектігін айтты. 

НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Оның ішінде әлеуметтік-экономикалық, құқықтық-саяси бағыттарға баса назар аударатын боламыз. Олардың барлығын тиісті заңдармен қамтамасыз ететін ол, әрине, біздің Парламент. Сол үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сессияның ашылуында депутаттардан сапалы заңдар  талап ететінін ерекше атап өтті. Ол заңдар, ең алдымен, халықтың өмір сапасын, білім, денсаулық салаларын жақсартуға, әлеуметтік қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнесті қолдауға ықпал етуге тиіс.