«Қазақстан халқына» қоры халық игілігі үшін құрылды – сарапшы пікірі

Елімізде қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылғаны белгілі. Қордың басты міндеті – халықтың осал тұстарына барлық сала бойынша көмек көрсету. Қорды қаржыландыру жеке көздерден, халықаралық қайырымдылық ұйымдарының қаражатынан, сондай-ақ ірі бизнес тарапынан жүзеге асырылады. Алайда бүгінде қорға мемлекеттік қызметшілердің бір күндік жалақылары аударылып жатқанын байқауға болады. Отандық сарапшы Шыңғыс Лепсібаевтың айтуынша, қордың құрылғандағы бастапқы мақсаты мен міндеті тіпті бөлек. Қарапайым халық оған қаражат аударуы емес, керісінше көмек алуы тиіс.

Шыңғыс Лепсібаев, сарапшы:

- Қорды құру идеясы өте керемет. Бұл – қоғамның қойған сауалына жауап. Президент айтып өткендей, бізде олигархтардың белгілі бір тобы пайда болды. Олар тіпті халықаралық стандарттар бойынша да өте бай. Расында солай. Шынына келер болсақ, қор артық кірістерді қажетсінгендердің пайдасына бөліп беру, әлеуметтік игіліктерді қамтамасыз ету және оларға қол жеткізу бағытындағы құрал алаңын қалыптастыру үшін құрылған еді. Ал соңында не болды? Кейбір әкімдіктер, атқарушы органдар кеңес дәуірінде өмір сүріп жатқандай өз жұмыстарын істеудің орнына бір күндік жалақыларын аударып жатыр. Мұндай акциялар Ленин кезіндегі сенбілікке ұқсайды.

Айта кетейік, бүгінде «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына 6 519 қазақстандықтан 10 млн теңгеден астам және кәсіпкерлерден 12 млрд теңгеден астам қаржы түскен. Бұған дейін қордың басшысы болып Болат Жәмішев тағайындалғаны белгілі болған еді.