Мемлекет басшысы ұсынған реформалардың әлеуметтік маңызы зор – отандық сарапшылар

Қазақстандықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзін қызу талқылап жатыр. Өз кезегінде сарапшылар Мемлекет басшысы ұсынған реформалардың әлеуметтік аспектін атап өтті. «Қазақстан халқын қолдау қоры» еліміздегі өткір әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді тетігі ретінде маңызы жағынан бірегей жобаға айналуы тиіс. Бұған қажеттілік бұрыннан пісіп-жетілген еді. «Ал Мемлекет басшысының шешімі уақытылы қабылданып отыр», – дейді Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Рамазан Сәрпеков.

Рамазан Сәрпеков, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры:

- Қазақстанда қаншама қор бар, бірақ бұл қор халықпен, студенттермен, әлеуметтің осал тобындағы адамдармен тікелей жұмыс істеуі керек. Емделуге де жұмсалу керек. Несін жасырайық? Кейде өте қиын жағдайлар туындайды. Халық Денсаулық сақтау министрлігіне жүгініп жатады немесе өзге мекемелерге сабылады. Ал соңында уақыт босқа кетеді. Осындай мәселелер негізінде іс-қимыл бағдарламалары белгіленеді, басқа да саяси органдар тартылады деп ойлаймын. Сонымен қатар жағдай жақсарады деп үміттенемін.

Сонымен қатар Президент әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мемлекет пен халық арасындағы тең диалог арқылы мүмкін болатынын бірнеше рет атап өткен еді. Жақында Мемлекет басшысы барлық жоғары лауазымды тұлғаларға өңірлерге жиі шығуды тапсырды. Бастаманы азаматтық сектор да қолдады.

Төлеген Құнаділов, Нұр-Сұлтан қалалық «Кәсіподақтар орталығы» филиал жетекшісі:

- Қазір халықпен кері байланыс орнату қажет. Олармен тікелей кездесіп, әңгімелесіп, мемлекеттік саясатты, оның бағыт-бағдар векторын, мемлекет қай жаққа бағыт алып жатқанын қарапайым, түсінікті тілде халыққа жеткізу керек. Әлеуметтік серіктестік – бұл өте маңызды диалог алаңдарын қалыптастыру қажет әмбебап алаң.