Әлихан Смайылов: Халық біздің жұмысымыздан нақты нәтиже күтуде

Халық біздің жұмысымыздан нақты нәтиже күтуде. Жаңа құрамдағы Үкіметтің алғашқы отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов осылай деді. Үкімет басшысы бүкіл елдің басына түскен қазіргідей күрделі кезеңде Мемлекет басшысы артқан сенімді ақтау керектігіне назар аударды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Біз, Үкіметтің жаңа құрамы халықтың өмір сапасын жақсартуға, экономика өсімін сақтауға және пандемияны еңсеруге, лаңкестер мен бұзақы, тонаушылар келтірген орасан шығынды қалпына келтіруге, елімізді жаппай дағдарыстан шығаруға бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үшін бар күш-жігерімізді аямай жұмыс істеуіміз қажет. Бұл – осындай аса ауыр жағдайда әлі ешқандай Үкіметтің алдында болып көрмеген өте күрделі де ауқымды міндет.

Президент үш апта ішінде Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын дайындауды тапсырған болатын. Әлихан Смайылов аталмыш бағдарламаны әзірлеудің нақты мерзімін атады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірге бағдарлама жобасын әзірлеп, осы жылғы 20 қаңтарға дейін Үкіметке енгізуді тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тәсілдері мен кейбір даму институттарының қызметін түбегейлі қайта қарау тапсырылды. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің ашық әрі түсінікті механизмін барынша қысқа мерзімде дайындауды және даму институттар жұмысының тиімділігіне талдау жүргізуді тапсырамын.

Айта кетейік, Үкімет отырысында Министрлер кабинеті құрамына жаңадан қосылған министрлер ант қабылдады.