Қазақстан Еуропа Кеңесі Парламенттік сессиясына қатысты

Қазақстан Еуропа Кеңесі Парламенттік сессиясына қатысты

Қазақстан Страсбург қаласында Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеяның күзгі сессиясына қатысты. Санитарлық шектеулерге қарамастан еліміз беделді халықаралық ұйыммен байланысын үзген жоқ. Қазақстан бірқатар еуропалық құрылымда байқаушы қызметін белсенді атқарып, ГРЕКО ұйымына мүше болды. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін Еуропа Кеңесінің басты органы.

Асқар Шәкіров, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:

- Еуропалық парламентарийлер Қазақстандағы өзгерістердің жүйелі түрде өтіп жатқанын жоғары бағалады. Елімізде реформалар жалғасатынын және мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру қажеттілігі айтылған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында жасаған баяндамасын ерекше атап кетті.

Қазақстан делегациясы Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблея төрағасы Рик Дампспен, оның орынбасарлары және Ассамблея комитеттерінің жетекшілерімен кездесті. Онда өлім жазасын алып тастау, парламенттік оппозиция институтын енгізу, партиялық құрылымды дамыту секілді елімізде жүзеге асқан шаралар жөнінде сөз қозғалды. Осы ретте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша мәселелерге ерекше көңіл бөлінді. Еуропа Кеңесі оларға парламентте және биліктің атқарушы органдарында квота бекіту туралы Қазақстан Президентінің бастамасын жылы қабылдады.

Киммо Кильюнен, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті:

- Қазақстан – Еуропа Кеңесіндегі ең белсенді байқаушылардың бірі. Адам құқықтарын қорғау, демократия, заң қадірлеу секілді мәселелерде біздің ұстанымымызды қолдайды. Бұл – бізге ортақ маңызды қағидаттар. Елдеріңізді тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын!

Сапар қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастық аясын ұлғайту жөнінде келісім жасалды, сондай-ақ Ассамблея өкілдері биыл Қазақстанға келуге ниетті.