Ауғанстан шекарасына қазақстандық әскерилер жіберіле ме?

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Ауғанстандағы жағдайға байланысты жауынгерлік көмек көрсетуге сақадай сай отыр. Ведомства өкілдері Ауғанстан шекарасын күзетіп, тәліптермен жағдайды тұрақтандыру үшін ел әскерилерін жіберу ықтималдығы туралы пікір білдірді. Бұл жөнінде арнайы баспасөз мәслихаты барысында Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев жеткізді. Алайда оның сөзінше, әзірге халықаралық міндетті атқару үшін ұжымдық күштерді тарту қажеттілігі жоқ. «Жергілікті мамандар ондағы жағдайға қатысты шетелдік қорғаныс ведомствалары және аймақтық ұйымдардың өкілдерімен  үздіксіз ақпарат алмасып тұрады. Қалай дегенмен жағдайды тұрақтандыруға араласу үшін бірқатар шартты орындау керек», – дейді Тимур Дәндібаев.

Тимур Дәндібаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта Ауғанстандағы әскери жағдай күрделі болып тұр. Халықаралық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіп, қолдауға және  қандай да бір контингентті жіберу үшін бізге бірнеше шарт керек. Ол шарттың бірі: екі тараптың бірі Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымына көмек сұрап жүгінуі тиіс. Екіншіден, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі деңгейінде шешім шығуы қажет. Әрине, ол шешімді біздің елдің Парламенті ратификациялап, халықаралық миссия атқаратын контингенттің жіберілуіне рұқсат беруі керек.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов