Қашықтан жұмыс істегендердің жалақысы сақталады

Қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің құқықтарын қорғайтын заң Сенаттың жалпы отырысында қабылданды. Аталған құжат Парламент депутаттарының бастамашылғымен әзірленгенін атап өткен жөн. Заң жобасын қарау кезінде сөз алған сенат депутаты Нариман Төреғалиев қазіргі таңда қашықтан жұмыс істеу әлемдік тәжірибеде белсенді дамып келетінін айтты. Осы ретте азаматтарды жұмыстың бұл режиміне көшіру кезіндегі тиісті заңнамалық реттеудің жоқтығы еңбек қатынастары саласында қиындықтар тудырады. Жаңа заң осы саладағы мәселелерді реттеуге және қашықтан жасалатын жұмыстың құқықтық негіздерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сенатордың айтуынша, 2020 жылы коронавирусқа байланысты қазақстандықтардың 70% қашықтан жұмыс істеуге көшкен.

Нариман Төреғалиев, ҚР Парламентінің сенат депутаты:

- Заң жобасында көзделген нормаға сәйкес, төтенше жағдайды енгізу, жариялау және шектеу ісшараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде уақытша қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыскерлерді коммуникация құралдарымен қамтамасыз ету және шығыстарды өтеу қажеттілігі жұмыс берушінің актісінде айқындалады. Егер жұмыскер өзінің коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланатын болса, жұмыс беруші өтемақы төлей алады, оның мөлшері, төлеу тәртібі мен мерзімдері тараптардың келісуі бойынша белгіленеді. 

Енді еңбек заңнамасына «қашықтан» және «қашықтан аралас жұмыс істеу» ұғымдары енгізіледі. Орындалатын жұмыс көлемі сақталған жағдайда жұмыс беруші қашықтан еңбек ететін қызметкердің жалақысын толық төлеуге міндетті.

Авторы: Ақзер Сегізбай