Президент Жолдауын іске асыру бойынша жалпыұлттық жоспар дайындалады

Президент Жолдауын іске асыру бойынша жалпыұлттық жоспар дайындалады

ҚР Президенті Жолдауындағы бағыттарды іске асыру мақсатында жалпыұлттық жоспар дайындалады. Бұл туралы Үкімет отырысында Асқар Мамин мәлімдеді. Оның айтуынша, Президент белгілеп берген міндеттер мен бастамалар қоғамның сұранысы мен заманауи сын-қатерге негізделген.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

 - Мемлекет басшысы өңірлік саясатты жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. Еліміздің әрбір өңірінде инфрақұрылымды жаңғыртуға, әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыру үшін өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты жобалар іске асырылатын болады. Әр мемлекеттік орган, әрбір жергілікті атқарушы орган Мемлекет басшысының тапсырмалары мен бастамаларын орындауға дереу кірісуі қажет. Мемлекет басшысының Жолдауындағы барлық бағытты іске асыруға жалпыұлттық жоспар дайындалатын болады.

Сондай-ақ Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға жалпыұлттық жоспар бойынша өз ұсыныстарын Ұлттық экономика министрлігіне 3 қыркүйекке дейін енгізуді тапсырды. Өз кезегінде ҰЭМ жалпыұлттық жоспар жобасын 4 қыркүйекке дейін Премьер-Министрдің кеңсесіне енгізуі тиіс. Асқар Мамин келесі отырыста дайын құжатты қарап, Президенттің бекітуіне енгізу үшін мақұлдау керектігін айтты.

Авторы: Ақзер Сегізбай