Қазақстанда ең үздік 10 стартап аталды

Нұр-Сұлтанда Astana Hub нұсқасы бойынша 10 үздік стартап аталды. Олардың қатарына инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтердің отандық әзірлеушілері енді. Үздіктер бірнеше санат бойынша іріктелді, бұл – нарықтағы маңызды және проблемалық мәселелерді шешу, қоғам үшін өзектілігі, бизнесті дамыту қарқыны, кәсіби команданың болуы сынды көрсеткіштер.  Денсаулық сақтау, білім беру, цифрлық экономика мен көлік жүйесін дамыту және HR, маркетинг, сауда салаларындағы жобалар көшбасшылар қатарынан көрінді. Атап өтерлігі, ең үздік IT-стартаптар рейтингі жыл сайын жасалады. Ол нарықтағы отандық ІТ-жобалардың арасынан табысты ойыншыларды анықтап қана қоймай, елімізде ІТ-кәсіпкерліктің дамуын ынталандыруға жол ашады. Ал ең бастысы – Қазақстана инновациялардың одан арғы дамуының бағдарын айғақтайды.

АНДРЕЙ КРЮКОВ, ASTANA HUB ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА МЕНЕДЖЕРІ:

 - ІТ бағытта әзірленген кез-келген стартапты нарыққа шығару оңай. Біз бірінші кезекте, стартаптың қаржылық көрсеткіштеріне назар аудардық. Өйткені онсыз болмайды. Қаржылық жағына қарап, команданың қаншалықты білікті екенін түсінуге болады. Сарапшылар үздіктерді қатаң іріктеді. Тіпті 1-2 балдың өзі шешуші болды. Өйткені мықты стартаптар көп, ал мықтылардың арасынан үздікті анытау күрделі шаруа.

Авторы: Ақзер Сегізбай