Кореялық озық технология КВИ жұқтырған адамды анықтауға көмектеседі

Кореялық озық технологияларды Алматыда енгізу жоспарланған. Мәселен, мегаполисте «ақылды» мониторлар орнатылмақ. Құрылғылар қай көшеде кептелістің барын, қалаған жерге қалай тез жетуге болатынын және жауын-шашын қашан жауатынын хабарлайды. Сонымен қатар кейбір камералар адамның жеке тұлғасын анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ жасанды интеллект коронавирус жұқтырған адамның бағытын да анықтай алады.

Ким Ген Хи, Пучхон қаласында мэрия бөлімінің басшысы:

- Қаламызда коронавирусты жұқтырған адамдарды бақылайтын жүйе бар. Егер адам індет жұқтырып, қала ішінде қыдырып жүрсе, онда ондай азаматты камералар арқылы бірден анықтап аламыз. Алайда адамдар жеке мәліметтерді көпшілікке жария етеді деп қорқады. Бұл - құпия ақпарат. Ол еш жерде жарияланбайтынын айта кету керек.

Қазақстанда іске асырылатын тағы бір ақылды жобалардың бірі – көлік тұрағы. Арнайы мобильді қосымша арқылы бос орындар туралы ақпарат алуға болады.

Бүгінде Алматы қаласы Кореяның көлік министрлігі ұйымдастырған байқауға қатысуда. Оның нәтижелері бір айдан кейін белгілі болады. Жеңіске жеткен жағдайда Алматы Корея үкіметінің қаржылық және техникалық қолдауына ие болады.