Еңбек нарығында қандай мамандықтар пайда болады

Генетикалық кодтың редакторы, цифрлық тігінші, мәліметтермен жұмыс жасайтын детектив. Бұлар сіздер ойлағандай фантастикалық фильмнің кейіпкерлері емес. Бұл – жақын болашақта еңбек нарығында пайда болатын мамандықтардың атаулары. Сарапшылардың сөзіне сенсек, 2030 жылға қарай бүгінде сұранысқа ие мамандықтардың дені қажетсіз болып қалып, тізімі 85% дейін жаңарады. Қазақстанда алдағы 5-10 жылда жаңадан 239 мамандық пайда болады. Оның 95-і заман ағымына сай жаңғырып, 129-ы мүлдем жойылып кетеді. Мұндай мәліметтер «Жаңа мамандықтар атласы» жобасында келтіріліп отыр.

Ғизат Маханов, жаңа мамандықтар атласын құрушы:

- Кибер-адвокат, үлкен деректердің сарапшылары, химиктердің жаңа толқыны сынды мамандықтар бар. Бұл біздің ел үшін қаншалықты қажет? Қазір бар әлем осы бағытқа бет бұрды. Бұл үрдістен Қазақстан шет қалмауы тиіс. Мәселен, жайылымдар мен егістіктер немесе таулы аймақтарда қажетті мәліметтер алу үшін күніне бірнеше шақырымды жүріп өту керек. Ірі өндіріс орындарында да мәлімет жинау оңай емес. Қазір оның бәрін өздігінен ұшатын аппараттардың көмегімен жасауға болады. Олар сол жұмысты 5 минуттың ішінде атқарып шығады. Өздері автоматты түрде қажет ақпарат жинап, есептеулер жасайды.  

Диана Бектұрсынова осындай жаңа мамандықтардың бірін меңгеріп алған. Ол – кеңістік ұйымдастырушысы. Шаруашылық нысандарда, кеңселер мен үй ішіндегі жиһаздар және заттардың орналасу тәртібін жайлы қалпына келтіруші. Америкада ХХ ғасырдың соңында етек жая бастаған бұл қызмет түрі бізде бертін ғана пайда болды. «Ең бастысы, қашықтан жұмыс жасауға болады», – дейді Диана. 

Диана Бектұрсынова, кеңістік ұйымдастырушысы:

- Қазіргі кезде тұрмыстық заттар өте көп. Түр-түрі бар, кейбірінің тіпті қажеті шамалы. Көбі ең басында «Бұл қандай қызмет, клининг пе? Cіз бізді үй жинауға үйретесіз бе?» деп сұрап, түсінбеушілік танытатын. Жоқ, әрине ол олай емес. Біздің аналарымыздың кезінде мұндай көп заты болмайтын. Сондықтан қазіргідей оларды дұрыс орналастырудың қажеті жоқ еді. Ал қазір бұл аса өзекті болып тұр. 

Сарапшылардың мәліметтеріне сүйенсек, болашақта IT, мұнай-газ және тау-кен өндірісі кешендерінде мамандықтарды жаңарту мәселесі аса өзекті. Алдағы уақытта есепші, аудармашы, кітапханашы, туристік агент, тігінші және даяшылар қызметіне сұраныс төмендеп, тіпті бұл мамандық түрлері жойылып кетуі мүмкін. Олардың орнын ақылды техникалар басуы әбден ықтимал. Жаһандық деңгейде сандық үлгіге көшу дәуірінде еңбек нарығы түбегейлі өзгереді. «Сондықтан бәсекеге қабілетті болып, сұраныста қалу үшін біліктілікті арттырып, әрдайым заман ағымына сай жаңғыра біру керек», – дейді мамандар.