Нұр-Сұлтанда әлемдік ғылым апталығы басталды

toppress.kz

Нұр-Сұлтанда Нобель сыйлығының лауреаттары мен сарапшылардың қатысуымен әлемдік ғылым апталығы онлайн форматта басталды. Ол 16 сәуірге дейін жалғасады. Апталық аясында екі басты оқиға – II Нобель фестивалі Central Asia Nobel Fest және Қазақстан мен Орталық Азия университеттеріне арналған Нобель дәрістері апталығы өтеді.

«Болашақты ойлап табу» ұранымен өтетін фестивальге барлығы 50 спикер қатысады. Олардың ішінде 8 Нобель сыйлығының лауреаты, 9 жетістік сыйлығының лауреаты, бірқатар танымал және әлемдік сарапшы бар. Олар мүмкіндіктер экономикасы, білім беру трендтері және болашақ индустриясы сияқты бағыттар бойынша озық тәжірибелерімен бөліседі.

Әділет Әміров, Nobel Fest үйлестірушісі:

- Қазір еліміз пандемиямен және оның салдарымен күресіп жатыр. Ал біз болсақ, болашаққа үңілгіміз келеді, адамдарға пандемиядан кейін не болатынын, қандай технологиялар мен инновациялар қажет екенін, көшбасшы болу үшін және артта қалмау үшін не керектігін көрсеткіміз келеді. Ал екіншіден, жарқын болашақты құру арқылы біз елдің тұрақты дамуы мен бүкіл әлемге жаңа технологияларды көрсете алатын келешекті ойлап таба аламыз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық ғылым апталығының 20 мың қатысушысына 10 күн бойы әлемнің жетекші жаңашылдарының, экономистерінің, әзірлеушілері мен ғалымдарының онлайн пікірталастары, ойлары мен дәрістері қолжетімді болады.

Әділет Әміров, Nobel Fest үйлестірушісі:

- Біз бұл іс-шараны Қазақстан мен Орталық Азия студенттері үшін арнайы ұйымдастырдық. Өзге мемлекеттер қатарына Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, сондай-ақ Кавказ, Әзербайжан кіреді. Сол елдерден көптеген адам бізге қосылады. Біздің спикерлер халықаралық деңгейде іріктелді, ол жағына келгенде өзімізді шектемедік, мүмкіндігінше Нобель сыйлығының лауреаттарын қосуға тырыстық. Олар, әрине, әртүрлі елдерден, яғни АҚШ, Еуропа, сонымен қатар өзіміздің қазақстандық спикерлер туралы да ұмытқан жоқпыз. Бұл шараға халықаралық әріптестерімен тәжірибе алмасып, әңгімелесетін қазақстандық компаниялардың басшылары да қатысады.

Авторы: Ақзер Сегізбай

×