Мұғалімдер үшін цифрлық дағдыларын жетілдіру курстары ұйымдастырылады

Болашақ ұстаздар жаңа дағдыларды меңгере бастады. Педагогикалық жоғары оқу орындарының бағдарламасына «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы «Педагогтердің цифрлық дағдыларын жетілдіру» атты арнайы курс әзірледі. Бұл туралы аталған ұйымның басшысы Әсел Мұхаметжанова мәлім етті. Оның айтуынша, курс 4 модульден тұрады. Оған 40 лекция және 30-дан аса бейнематериал, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға негізделген тесттер мен интерактивті тапсырмалар енгізілген.

Мамандар цифрлық білім беру технологияларын пайдалана отырып, сабақты жобалау әдістемелерін үйренеді. Қазіргі уақытта курс онлайн форматта жүргізілуде. Оған ұстаздар және педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері де қатыса алады. Жобамен бүкіл ел бойынша бес жүзге жуық маманды тарту көзделген. Курс ҚР Білім және ғылым министрлігінің www.edu.kz платформасында орналастырылады.

Әсел Мұхаметжанова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ төрағасы:

- Ауылдық жерлерде әрбір төртінші, қалада әр бесінші мұғалімге біліктілік деңгейін арттыруды қажет етеді. Педагогтердің 73% оқушылар үшін ақпараттық коммуникациялық технологиялардың көмегімен жасалған құралдардың тиімділігін мойындайды. Ал 66% бұл мұғалімдердің кәсіби дамуында маңызды рөл атқарады деп есептейді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін қойылатын міндетті талаптардың бірі: білім беру жүйесіндегі еңбек өтілі кем дегенде 5 жыл болуы тиіс.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов