Ғалымдар қазақ халқының генетикалық шежіресін құруға кірісті

Бабалардың шежірелік тарихының түп тамыры қайдан тараған? Қазақстандық ғалымдар қазақ халқының ата тегін генетикалық тұрғыдан анықтау ісін қолға алды. Отандық мамандар оны құруға белсене кірісіп кетті. Заманауи зерттеу технологиялары тұтас халықтардың шығу тегін түгендеп, өткеннің ақтаңдақ беттерін ашуға мүмкіндік береді. Сала майталмандары бұған дейін оны дөп басып айту қиын болғанны алға тартады.

Ерлан Раманкулов, Ұлттық биотехнология орталығының директоры:

- Тарихи құжаттардың тым аз болғаны оның анық-қанығын нақты айтуға мүмкіндік бермейді. Негізінен шежіреге қатысты барлық ақпарат аңыз-әңгіме түрінде ауызша тараған. Шынайы мәліметтерді білу үшін ежелгі кезеңдерден бастап біздің ата-бабамызбен қатынас орнатқан мемлекеттердің тарихшыларының көмегіне жүгінуге тура келеді. Бұл – Қытай, Иран және Ресей елдері.   

Осылайша Орталық Азия мен әлемдегі түркітілдес халықтардың арасында қазақ жұртының шығу тегінің дүниежүзілік генетикалық картадағы орнын білу көзделіп отыр. Сондай-ақ белгілі бір ру өкілдері көбіне қандай ауруларға жиі шалдыққанын генетикалық ерекшеліктен анықтауға болады. Алайда ғалымдардың пікірінше, ондай дерттер әзірге белгісіз.

Жанаргүл Дүйсенова, Адам генетикасы зертханасының аға ғылыми қызметкері:

- Лазердің көмегімен фракциялар мен детекцияларға бөліп ажырату арқылы біз фараграм түріндегі нәтиже аламыз. Бұл – көп жағдайда сандық кодпен берілетін генетикалық  анықтама. Осы сандық үлгілер кейін түрлі жүйелер мен бағдарламалар арқылы жақсы өңделеді. Осылайша қандай да бір өзгерістерге ұшырағанын біле аламыз немесе нақты бір руға тән ерекшеліктерін анықтауға болады. 

Ғалымдар алғашқы нәтижелерімен бөлісуге дайын. Мәселен, ДНҚ-сын зерттеу арқылы арғындардың Алтын орда ханы Тоқтамыстың жақын адамы өзі би болған Әмір Қарақожадан тарағаны анықталған. Бүгінде дәл осылай кез келген адам өзінің шыққан тегін, отбасылық шежіресін біле алады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов