Отандық вакциналау паспорты шетелдерде де танылатын болады

kaz.tengrinews.kz

Шектеусіз саяхат! Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алған Қазақстандықтар ПЦР-тест тапсырмай-ақ Тайланд, Венгрия және Монғолия елдеріне бара алады. Бұл жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Салалық ведомство басшысының айтуынша, бұл елдер вакциналау паспорттарын өзара тану жөнінде ниет білдірген. Қазір осы ұсынысты қанағаттандыру бойынша қажетті жұмыстар атқарылып жатыр. Министрдің сөзінше, елімізде иммундау науқанының құжатын өзге де елдерде еленуі бойынша кешенді шаралар қолға алынған. «COVID-19 вирусына қарсы екпе алу науқаны қыза түсті. Тапшылық жоқ, вакцина жеткілікті көлемде бар», – деді министр. Оның мәліметінше, 2,5 млн-нан астам қазақстандық препараттың алғашқы үлесін алып үлгерген. Алексей Цой азаматтарды бұл маңызды үрдістен шет қалмауға шақырады. Өйткені елде 800 адам коронавирусты қайта жұқтырып алған.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Жалпы бұл – тек Қазақстанда ғана емес, өзге де елдерге тән үрдіс. Еуропада және өзге де елдерде мыңдаған адам қайтадан ауырып жатыр. Өзіңді және жаныңдағы адамдарды қорғау үшін вакцина алған дұрыс. Әсіресе бірінші кезекте 60 жастан асқан және созылмалы аурулары бар азаматтар екпе алғаны жөн. Біз барлық азаматқа екпені белсенді түрде алуға кеңес береміз.

×