Вакцинада тапшылық жоқ – А. Цой

Қазақстан Үкіметінде СOVID-19-дың жаз маусымындағы бірнеше сценариі айтылды. Оптимистік болжам бойынша, осы жылдың маусым-қыркүйек айларында жұқтырғандар саны 60 мыңнан сәл ғана асады, ал ең нашар дегенде науқастар саны 95 мыңды құрайды. Шындығында, бұл көрсеткіш қазақстандықтардың коронавирусқа қарсы екпе алу ниетіне байланысты болмақ. Бүгінгі таңда республиканың 3 млн азаматы Денсаулық сақтау министрлігі ұсынымдарының негізінде вакцинаны қабылдады, ал олардың үштен бірі екі компонентін алып үлгерді. Алексей Цой атап өткендей, елімізде вакцина дозаларының көлемі жеткілікті, сондай-ақ оның қоры толықтырылуда. Яғни препаратта тапшылық жоқ.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Бүгінгі таңда егу пункттеріндегі вакцина дозалары жеткілікті. Шамамен 320 мың – бірінші компонент, 650 мың – екінші компонент. Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілген қосымша 1,7 млн «Спутник V» вакцинасы жоспарға сәйкес өңірлерге жеткізіледі.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Асқар Мамин халықты вакциналау қарқынын арттыруды және қауіпті аурумен күресте цифрлық технологияларды пайдалануды тапсырды. Ол қазіргі уақытта вакциналау туралы ақпараты бар бөлімдер «Ashyq» мобильді қосымшасында да, «Egov» азаматтарға арналған үкімет порталында да интеграциялануы маңызды екенін атап өтті.