Қазақстандық сәбиді құтқарған түркиялық дәрігер марапатталды

Қазақстандық сәбиді құтқарған түрік депутаты және дәрігер Режеп Шекер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан марапат алды. Президенттің марапатын Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы табыстап, жүрек жарды алғысын білдірді.

Айта кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын ұшақ бортында қазақстандық егіз нәрестенің бірінің жүрегі тоқтап қалған. Мұны естіген борттағы түрік депутаты әрі дәрігер Режеп Шекер жасанды тыныс алдырып, жүрегіне массаж жасап, сәбиді аман алып қалған. Ұшақ жедел түрде Анкараға қонып, ол жерде бала ауруханаға жатқызылған еді.

Режеп Шекер, депутат, дәрігер:

- Оқиғаның болғаны өкінішті. Дегенмен нәтижесі жақсы. Нәрестелердің ата-анасымен хабарласып тұрамыз. Тіпті, бірнеше күн бұрын бейне сәлемдеме жолдапты. Салмақ қосыпты. Аман болсын! Екі елдің бауырластық және достық қатынасына себепші болды. Ілтипат білдірген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіремін.