Вакциналау паспорты Ashyq қосымшасында көрсетілетін болады

1 шілдеге дейін вакциналау паспорты Ashyq қосымшасында көрсетілетін болады. Вакцинаның екі компонентін толық алған азаматтардың мәртебесі жасыл түспен белгіленеді. Бұл туралы көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жанар Оразалина мәлімдеді. Жалпы жоба іске қосылғаннан бастап, «қызыл мәртебе» анықталған пайдаланушылардың саны 2 мыңға жетті. Одан бөлек Ashyq қосымшасымен жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 мыңнан асты.

12 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы да оған қосылды. Енді жолаушыларды шығарып салатын және қарсы алатын азаматтар осы қосымшаны пайдалана отырып, ғимаратқа кіре алады. Нәтижесінде әуежайға келген 10 мың адамның мәртебесі тексеріліп, араларынан коронавируспен ауырып жүргендер анықталды.

Юлия Якупбаева, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

-  Бүгінде ешқандай адам шоғыры жоқ. Бұған қоса, қауіпсіздік жағынан келер болсақ, үлкен жұмыс күтіп тұр. Өйткені осы бірнеше күннің ішінде қызыл түсті мәртебесі бар 8, сары түсті мәртебесі бар 9 адам анықталды. Олардың кейбірі дәл осындай тексеру жүргізілмеген әуежайлардан бізге келіп, сапарын жалғастырмақ болған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов